24 Қаңтар, 2018

Жемқорлықпен күрес жемісін  береді 

364 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздің қай саласында болмасын қолға алынған бір­қатар тың бастамалар өз нәти­же­сін беретін кезеңге жетті. Әсіре­се құқық қорғау саласында көп­теген игі өзгерістер мен нәтижелі жұмыстарға қол жеткізіледі деп күтілуде.

Жемқорлықпен күрес жемісін  береді 

Соның бірі ретінде, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрестің жандана түсетіні көңіл қуантады. Әрине, өткен жылдары да бұл бағытта қыруар жұмыс іске асты. Жалпы,  жем­қор­лыққа қарсы күрес барысы Қа­зақстанның 2050 жылға дейін дамуының ұзақ мерзімді страте­гия­сындағы басымдықтармен ерекше­ленетіні белгілі. Ал сарапшылар оның жетістігінің тетігі 2025 жылға дейін есептелген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияда анық­талғандығын айтады. Бұған атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесі нақты дәлел.

Мәселен, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру үшін 59 жаңа заң қабылданды. Оның бәрі сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға дем беру үшін қажет. Соның бір айқын дәлелі ретінде, Transparency International «Әлемдік сыбайлас жемқорлықтың барометрі» халықаралық зерттеуі бо­йынша Қазақстандағы азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл саласындағы оң үлесі екі есеге артып, пара бергендердің саны азая түс­кенін айтуға болады. Мұн­дай жүйелі жұмыс барысы елдегі сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы саясатқа ха­лық­тың сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Демек, елімізде үнемі жүргізіліп келе жатқан жүйелі де салмақты жұмыстардың арқасында қоғамда қатерлі дертке қарсы төзбеушілік қалыптасты. Екіншіден, жалпы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі заңдарымыздың сапасы арта түсті. Бұдан былай сыбайлас жемқорлыққа жол бергендерге сауға жоқ. Тіпті қаржы жымқырып, шетелге қашып кеткендер де құтыла алмайды. 

Мәселен, миллиардтаған қар­жы­ны талан-таражға салғаны үшін Қа­зақстан соттары қылмыс­кер деп таныған шетелде бассауға­лау­шыларды ел­ге қайтару ісі жалғасын тап­пақ.

Бұл мәселе халықаралық ұйым­дар өкіл­дері мен шетел мемле­кет­терінің елші­лерімен талқы­ланды. Сондықтан қазір алда тұр­ған ең маңызды міндет – бюджет қаражаттарын жеке мүддесіне пайдаланатындарды әуел бастан анықтау және елден капиталдың шығуын болдырмау. Ол үшін әлемдік қоғамдастықпен бірлесіп шетелдік банктердегі шот ұстаушылар туралы деректерді ашуға, оффшордан шығару бойынша белсенді шаралар қабылдануда. Бұған өз кезегінде сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізетін шетелдік әріптестер де көмектерін аямақ емес. Ендігі жерде осындай қылмысқа қатысы бар адамдар жауапкершіліктен қашудың қандай түрін қолданса да, бәрібір жазадан құтыла алмайтынына күмән жоқ. Сондықтан ортақ мақсатқа сай халықаралық күш біріктірілсе, елден қашып кеткен қылмыскерді де экстрадициялау және активтерді қайтару сөзсіз орындалмақ.

Осылайша сыбайлас жем­қор­лық­пен күрестің қатаңдатылғаны көңіл қуан­тады. Жалпы, мемлекеттік қыз­мет­шілер үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Шенеуніктерге мем­лекеттің қаржысын сыбайласып жым­қы­ратындай еш себеп жоқ. Жылдан жылға жағдай жақсара бермек. Пре­зидент «Мемлекеттік қызмет ту­ралы» заңға өткен жылдың 23 қа­за­нында қол қойған болатын. Он­да мемлекеттік қызметшілердің құ­­­қық­­тық жағдайы, материалдық қам­тамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуы толық айқындалды. 2018 жылы мемлекеттік қызметшілер жа­лақыны жаңа жүйе бойынша алады. Өз жұмысын адал әрі сапалы атқарған адам жоғары жалақыға қол жеткізеді. Әрбір мемлекеттік қызметкердің жұмысын бағалау жүйесі де енгізіліп отыр. Жалпы, елімізде сыбайлас жемқорлық көріністеріне тосқауыл қою үшін Елбасының сындарлы саясаты арқасында қолға алынған және қолға алынатын жаңа жұмыстар өрісі осылайша кеңейе бермек.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»